2010 жылғы қарашада халықтың нақты ақшалай табыстары 4,6 пайызға өсті - Статистика

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - 2010 жылғы қарашада халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 38689 теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 12,7 пайызға артты.

Нақты ақшалай табыстары 4,6 пайызға өсті, деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен.

2010 жылғы қарашада орташа жан басына шаққандағы ақшалай табыстардың көлемі бойынша Астана қаласы және Атырау, Маңғыстау облыстары алдыңғы қатарда келеді. Олардағы аталған көрсеткіш орташа республикалық деңгейді 2,2-1,8 есеге арттырып отыр.

Ведомствоның атап өтуінше, 2010 жылғы қарашада табыстары ең төмен өңірлер қатарында Қостанай, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген. Бұл өңірлерде халықтың табыс мөлшері республикалық деңгейден орташа алғанда 54,3 және 84,7 пайызды құрады. Сонымен бірге, халықтың нақты ақшалай табыстарының ең көп өсу қарқыны Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында тіркелген.

«2010 жылғы қарашада өңірлер бойынша атаулы ақшалай табыстардың ең жоғары және ең төмен мөлшерлері арасындағы арақатынас 4,0 есені құрады», - делінген агенттік ақпаратында.