«2010 жылғы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндама Елбасының қол қоюына жіберіледі

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия әзірлеген «2010 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндаманы талқылауға арналған комиссия мүшелерінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия «2010 жылғы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндаманы бекітіп, тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң, аталған құжатты 2011 жылы мамырдың 18-іне дейін Елбасының қол қоюына жіберу туралы шешім шығарды. Осыдан кейін баяндаманы қазақ, орыс және ағылшын тілінде бөлек кітап ретінде шығарып, оның таныстырылымын шет елдерде және халықаралық ұйымдарда өткізу жоспарланып отыр.

Комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, аталған баяндаманы әзірлеу кезінде еліміздегі адам құқықтарының хал-ахуалы жан-жақты талданып, осы саладағы жағымды және жағымсыз үдерістер айқындалды.