2010 жылы 221,8 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

АСТАНА. Қазанның 18‑і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -2010 жылы 221,8 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.

«2010 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде табыстары кедейлік деңгейінен төмен 221,8 адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді. Осы бағытта бюджеттен 2,1 миллиард теңге жұмсалды. Бұл ретте атаулы көмек алушылардың негізгі үлесі әлі де ауылдық жерлерде болып отыр, олар жалпы көмек алушылардың 59,8 пайызын және сәйкесінше бағытталған қаражаттың 60 пайызын құрайды. Сонымен қатар, атаулы көмекті алушылардың құрамында бұрынғыдай балалардың үлес салмағы артық, бұл - 61,3 пайыз», -деді Г.Әбдіхалықова.

Министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жергілікті атқарушы органдармен республикалық бюджеттен 1,12 миллиард теңге бөлінді.