Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшелерімен кездесуі барысында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2008-2009 жылдары агроөнеркісіп кешеніне жұмсалған қаражат 96 млрд. теңгенің шамасында болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 103 млрд. теңгені құрайтын болады. Сонымен бірге, еліміздегі азық‑түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шығыстар соңғы үш жылда 4 есеге дейін артып, ветеринарлық қауіпсіздікке жұмсалған шығын 2 есеге өсті. Азық‑түлік қауіпсіздігі аясындағы маңызды шаралардың бірі шаруашылықтарды субсидиялауды арттыру болып табылады. Бұдан басқа «ҚазАгро» холдингі арқылы да инновациялық сипаттағы жобалар жүзеге асуда. Сондықтан да алдағы уақытта агросектордың сапасы да жағдайы да өзгереді, сол үшін жүйелі шаралар жалғасады», деді Б. Сұлтанов.
Өз кезегінде сенатор Евгений Аман дәл қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы саласында қалыптасқан жағдайға алаңдаушылығын білдірді. Сенатордың пайымдауынша, қазіргі күні осы сектордағы проблемаларға баса назар аудару қажеттігі туындап отыр. «Астыққа бағаның кілт төмендеуі әрі бұл үдерістің жалғаса түсуі агроөнеркәсіп кешенінің регрессия жағдайында екендігін білдіреді. Бүгінгі ауылдық жерлердің негізгі табысы астықтың сатылуына тікелей байланысты. Сондықтан да, бұл сектордағы жағдайды бағалау және орын алған олқылықтарды жою ауадай қажет. Яғни, Үкімет бұған дейін банк, құрылыс пен бизнес саласын қаржыландыруды жүзеге асырса, ендігі назар ауыл шаруашылығына салынуы шарт», деді Е. Аман.