2010 жылы «Альянсқұрылысинвест» 3871 пәтердің кілтін тапсыруды жоспарлап отыр

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Зарина Рысбаева/ - 2010 жылы «Альянсқұрылысинвест» барлығы 3871 пәтердің кілтін үлескерлерге тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Альянсқұрылысинвест үлескерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дәмеш Ыбраева мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2010 жылы «Альянсқұрылысинвест» барлығы 3871 пәтердің кілтін тапсыруды жоспарлап отыр. Олардың 1335-і елордада және 2536-сы Астана маңындағы «Лесная поляна» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Ал 2011 жылы 1458 пәтердің құрылысын аяқтау жоспарлануда», - деді Д.Ыбраева.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, Астана маңындағы «Лесная полянаның» үшінші кезегіндегі №10-11-ші үйлердің пәтерлері биылғы жылдың шілде айында, ал 12-ші үй тамыз айында тапсырылатын болады. Сондай-ақ осы тұрғын үй кешенінің 4-ші және 5-ші кезектерін жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Ал «Грация» тұрғын үй кешенінің 1-ші кезегі 2010 жылдың шілдесінде аяқталады.

«Біздің бірлестік 2009 жылдың қарашасында құрылды. Негізгі жұмысымыз - аяқталмаған нысандарға көмек көрсетіп, «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ мен «АТФ Банк» АҚ тарапынан бөлінген қаржының игерілуіне бақылау жасау. Бүгінгі күні астанамызда ең бірінші болып пәтер кілттерін тапсыра бастаған «Альянсқұрылысинвест» компаниясы,- деді бірлестік төрағасы. Осы орайда ол құрылыс жұмыстарын жандандыруға қолдау көрсеткені үшін мемлекетке бірлестік атынан алғысын білдірді.