2010 жылы Алматы қаласын жасылдандыруға қала бюджетінен 2 миллиард теңге бөлінді - әкімдік

None
АЛМАТЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қаланың энергокешенінде оң өзгерістер қалыптасты, бұл үшін бюджеттен 14,8 миллиард теңге бөлінді.

Қаланың барлық аудандары жасылдандырылды. Бұл туралы кеше Алматы әкімдігінде қала басшысының төрағалық етуімен өткен 2010 жылдың әлеуметтік- экономикалық даму қорытындысына арналған кеңесте Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Сардар Қабдолов айтты.

Оның айтуынша бұл мақсат үшін қала бюджетінен 2 миллиард теңге бөлінген. "Табиғи дендропарк іске қосылып, 2,6 км. арық жағалары жөнделді, оған 1,8 миллиард теңге жұмсалды. 2 субұрқақ, саябақ пен гүлзар жасалды",-деді ол.

Сонымен қатар ол: "Өткен жылы Алматыда 960 орында 3 бала бақша, 3 емхана іске қосылды. Жедел жәрдем ауруханасы, туберкулезге қарсы диспансер, перинатальды орталық салынды. Білім жүйесінің 13 нысаны, 22 бала бақша, 16 денсаулық сақтау нысаны қайта жасақталды. 3 мемлекеттік, 25 жеке бала бақшасы ашылып жалпы 3074 орын пайда болды",-деді.

Алматы әкімі Ахметжан Есімов өткен жылы 6,5 мың мектеп жасына дейінгі орын пайда болғанымен бала бақшаның әлі де жетіспейтіндігін айтты. Ол өзінің осы мәселемен айналысатын орынбасарына тиісті басқармалармен бірлесе отырып, осы маңызды проблеманы шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.