2010 жылы барлығы 18 мың 330 жоспарлы және жоспарсыз тексерістер жүргізілді

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 5 млн. жуық жалдамалы қызметкерлердің құқықтарының сақталуы инспекторлардың бақылауына енді.

Бұл туралы бүгін 2010 жылдың қорытындысы мен биылғы жылдың міндеттеріне арналған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бисақаев мәлім етті.

«Қазіргі кезде Қазақстанда тіркелген 247 мың 947 мекеме еңбек инспекциясының есебіне кіріп, онда қызмет ететін 5 млн. жуық жалдамалы қызметкерлердің құқықтарын сақтау инспекторлардың бақылауына енді. Осы себепті және олардың берген арыздарындағы мәселелерді шешу мақсатында 2010 жылы барлығы 18 мың 330 жоспарлы және жоспарсыз тексерістер жүргізілді. Атап айтқанда, жоспарлы тексеріс 2009 жылмен салыстырғанда 33,5 пайызға азайды»,-деді комитет төрағасы.

Мұның негізгі себебі, 2010 жылдың наурыз айынан бастап еңбек заңнамаларының орындалуы жоспарлы бақылау және тәуекелді бақылау жүйесі арқылы жүргізілді. «Жалпы, тексеріс қорытындысы бойынша барша мекемелерді қоса есептегенде 71 мың 96 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды. Бұл көрсеткіш еңбек инспекциясы құрылған 2001 жылмен салыстырсақ 40 пайызға төмендегенін байқауға болады»,-деп атап өтті С. Бисақаев.