2010 жылы елімізде АҚТҚ індетіне 15605 адам шалдыққан

АЛМАТЫ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда «АҚТҚ және туберкулез бойынша сұхбат» атты USAID жобасы аясында Өңірлік байқаушы комитетінің 2-мәжілісі өтіп жатыр.

Аталған жиынға АҚТҚ мен туберкулездің алдын алу, сондай-ақ оларды бақылау саласында жұмыс істеп жүрген Орта Азияның мемлекеттік, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдарының өкілдері қатысуда.

Комитеттің 2-мәжілісі аталған сырқаттардың алдын алу үшін оған шалдыққан адамдарға ерте диагноз қоюдан бастап, ем алуды аяқталғанға дейін бақылап отыру үдерісін жақсарта түсуге арналған.

«2009 жылдан бастау алған «АҚТҚ және туберкулез бойынша сұхбат» атты бес жылдық USAID жобасы халықты аталған індеттерден сақтандыруды мақсат етеді. Осы жобаның шеңберінде құрылған Өңірлік байқаушы комитет жобаның қызметін сараптап, оған өңірлік деңгейде баға беріп отырады»,-дейді аталған жобаның директоры Ләйлә Қушенова.

Эпидемологиялық қадағалаудың деректеріне сәйкес, 2010 жылы Орталық Азия елдерінде жаңадан АҚТҚ жұқтырудың 20 мың жағдайы тіркелген. «АҚТҚ-ға шалдыққан адамдардың арасындағы өлімнің басты себебі туберкулез болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, Орта Азияда туберкулезге шалдығудың ең жоғары өсімі Тәжікстанда тіркелген, АҚТҚ және туберкулез індеті таралуының ең көп саны да осында», -дейді АҚТҚ және туберкулез бойынша сұхбат атты USAID жобасы директорының орынбасары Эльмира Имамбақиева.

Ал еліміз бойынша 2010 жылы АҚТҚ індетіне шалдыққан 15605 адам тіркелген.

Аталған жоба Қазақстан, Қырғыз, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан елдерінде Popularion Services International, Project HOPE серіктестер конциорциумы, Шығыс-батыс ЖҚТБ қоры және «ҚР АҚТҚ-ға шалдыққан адамдардың қазақстандық одағы» қоғамдық қорларымен жүзеге асырылуда.