2010 жылы еліміздің тұрғын үй нарығында жандану байқалды

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2010 жылы еліміздің тұрғын үй нарығында жандану байқалды.

Бұл пікірді бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов білдірді.

Оның атап өтуінше, тұрғын үй нарығындағы сатып алу бағалары өсіп келеді. Мәселен, 2010 жылдың соңында жаңа үйлердің бағасы 3,1 пайызға, көркейтілген үйлер 3,8 пайызға қымбаттай түскен.

«Соның ішінде Астана қаласында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмлелерінің саны 52 пайызға өсім көрсетті. Ал Алматы қаласында керісінше 4 пайызға кеміді», - деді ол.

2008-2009 жылдары тұрғын үй бағалары біршама құлдырағанын еске салған агенттік төрағасының айтуынша, өткен жылдың 12 айында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 139 мың 153-ті құрап, 17 пайыз өсім көрсеткен.