2010 жылы инвестицияның белсенділік деңгейі 2,7 пайызға өсті - Сардар Қабдолов

None
АЛМАТЫ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- 2010 жылы инвестицияның белсенділік деңгейі 2,7 пайызға өсті.

Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде қала басшысының төрағалық етуімен өткен 2010 жылдың әлеуметтік- экономикалық даму қорытындысына арналған кеңесте Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Сардар Қабдолов айтты.

Оның айтуынша, инвестициялық белсенділік деңгейінің артуы негізгі көрсеткіштің бірі болып табылады. "2010 жылы қала экономикасында оң даму үрдісі қалыптасты. Негізгі көрсеткіштер бойынша өсім бар. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі жыл қорытындысы бойынша 127 пайызды құрады. Өнімді өңдеу өнеркәсібінің өсімі - 42 пайыз. Жаңадан 58 өндіріс орны пайда болды. Алматы қаласында алдын ала есептеулер бойынша 2010 жылы жалпы өнім өндіру 2,8 пайыз (3 264,2 млрд.теңге) болды. 2009 жылмен салыстырғанда сыртқы сауда айналымы да жақсарды. Төмендеу қарқыны - 12,2 пайызды құрады, бұл көрсеткіш 2009 жылы 22,9 пайызды құраған болатын. Экспортқа өнім шығару төмендеген жоқ, өз деңгейінде қалды. Бөлшек сауда көлемі 6,5 пайызға, көтерме сауда айналымы 8,9 пайызға артты. Экономиканың дамуы көлік қызметінің артуынан да көрінді. 2010 жылы жүк тасымалдау 15,6 пайызға өсті. Тұрғын үйді іске қосу қарқыны да жоғары болды. Өткен жылы қала бойынша іске қосылған тұрғын үй көлемі 1 055 мың шаршы метр. Егер алдыңғы жылдары инвестицияның басым бөлігі жылжымайтын мүлікке жұмсалса, 2010 жылы экономиканың нақтылы секторына жұмсалды. 2009 жылы өнеркәсіптегі инвестиция үлесі 13,4 пайызды құраса, жылмайтын мүлікке оның 26,3 пайызы жұсалған еді. Ал, 2010 жылы бұл көрсеткіштер - 18,0 және 19,1 пайызды құрады.. Кәсіпорындардың жеке инвестициялары 10,8 пайызды құрайды. Инвестицияның жалпы деңгейінде мемлекеттік бюджеттің көлемі жоғары, 2010 жылы 40 пайызды құрап отыр",-деді ол.

Осыған байланысты қала әкімі жеке инвесторлар тарту қажеттігіне назар аудару керектігін қадап тұрып айтты. «Біз жеке инвестиция үлесін арттыруға тиіспіз, ал ол үшін әкімшілік кедергілерді жою қажет, сонда ғана жақсы инвестициялық ахуал қалыптасатын болады», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Алматы әкімі дұрыс инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін нақтылы жоспар жасауды тапсырды. «Лицензия, рұқсат қағаз беру мен өнімдерді сертификациялау және стандарттау жұмыстарын жеңілдету қажет. Күні бүгінге дейін бюджеттік бағдарламалар администраторлары мемлекеттік қызмет көрсету үшін тізілімдер мен регламенттерді ала алмай отырғанда жұмыс қалай жүрсін. Мұның барлығы мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін төмендетеді», - деді қала басшысы Ахметжан Есімов.

Сардар Қабдолов сонымен қатар: "10 жыл ішінде тұңғыш рет қор биржасына муниципалды облигациялар тартылды. Европалық қайта құру және даму банкі несиесінің арқасында жергілікті бюджет қаржыландырылып, осының нәтижесінде муниципалды автобус паркі құрылды, сөйтіп 200 автобус алынды, олар табиғи газбен жұмыс істейтін болады. Ал, «Қазтрансгаз» және BG Kazakhstan қаржысы арқасында газ бекеті құрылды. Өткен жылдың аяғында мемлекеттік кепілдікке қол жетіп, бүгінгі күні 200 жаңа троллейбус алу үшін несие келісімі жасалды", - деді.

Оның айтуынша, Алматының аймақтық үйлестіру кеңесі жыл қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлу нәтижесінде 19 жоба мақұлданған, олардың жалпы құны - 5 млрд. теңге. "Бұдан өзге құны 288,7 млн. теңге болатын 2 жоба да мақұлданды", - деді ол кеңес барысында.