2010 жылы мемлекеттік органдар әзірлеген заңға бағынышты актілердің пысықтауға қайтарылғандар саны 2009 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артты - Д. Құсдәулетов

None
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2010 жылы мемлекеттік органдар әзірлеген заңға бағынышты актілердің пысықтауға қайтарылғандар саны 2009 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артты.

Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінің 2010 жылғы жұмысының қорытындысы мен ағымдағы жылғы міндеттеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомствоның вице-министрі Дулат Құсдәулетов мәлім етті.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар тарапынан шала дайындалған актілердің саны артып отыр. «Атап айтқанда, мемлекеттік органдар өздерінің өкілеттілігінің әлеуетін толығымен іске асырып отырған жоқ. Осыған байланысты олар өздерінің проблемаларын негізделмеген актілерді қабылдау арқылы шешуге тырысып отыр»,-деді вице-министр.

Д. Құсдәулетовтің сөзіне қарағанда, қайтарылған заңға бағынышты актілердің жобалары бойынша мемлекеттік органдардың ішінде ауыл шаруашылығы, индустрия және жаңа технологиялар, мұнай және газ, көлік және коммуникация министрліктері, сондай-ақ басқа да ведомстволар бар.