Бұл туралы бүгін өткен дөңгелек үстелде «Зерде» АҚ Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі «электрондық үкіметті» мониторингілеу және дамыту жөніндегі басқарушы директор Әлтайыр Уызбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ә.Уызбаевтың айтуынша, «электрондық үкімет» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік органдардың мәліметтерін өңдейтін біртұтас базаны құру бойынша алғашқы жұмыстар 2008 жылы басталды. 2009 жылы оған ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі мен ҚР Әділет министрлігі қосылып, өздерінің ақпараттық жүйелерін орналастырды. 2010 жылы Серверлік орталықтың қалған инфрақұрылымын аяқтап, оның базасында барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін сақтау көзделіп отыр.
«Серверлік орталық сыртқы ортадан оқшауланған және барлық талаптарға сәйкес келетін бөлмеде орналасқан. Бүгінде онда 157 сервер бар. Серверлік орталық, бірінші кезекте мемлекеттік органдарға өздерінің ақпараттық жүйелерін ұстау бойынша қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді», деді ол.