2010 жылы «Назарбаев университетіне» 500 грант бөлінді
Салтанатты рәсімге қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев елімізде «Болашақ» президенттік бағдарламасы табысты жүзеге асып келе жатқанын, осы бағдарлама аясында мыңдаған жас қазақстандықтар әлемнің жетекші университеттерінде білім алғандығын атап өтті.
Жаңа жоғары оқу орнының ашылуымен қазақстандық жастар енді инженерлік, медициналық және энергетикалық мамандықтарды Астанада алып шығатын болады.
- Бұл университетті бітіргендер бізде де, шетелде де қолданылатын диплом алып шығады. Бұл жақсы жаңалық, жастар осыған ұмтылулары тиіс. Мен университетті менің атыммен атауға келісім бердім, сондықтан мені ұятқа қалдырмаңдар, - деді келешек студенттерге Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылы президенттік тапсырма бойынша аталған университетке 500 грант бөлінгенін айтты. Жаңа жоғары оқу орнында әлемнің ең үздік профессорлары дәріс оқитын болады. Қазіргі уақытта университет әлемнің үздік 30 жоғары оқу орнының құрамына енетін университеттермен ынтымақтастық туралы 11 келісім жасасты.
Жаңа университет Астананың сол жағалауына орналасқан. Ғимарат пен құрылыстың жалпы аумағының бірінші кезегінің құрылысы 143 мың шаршы метрді құрайды.