Бұл туралы бүгін журналистерге Астана қаласының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде құқық қорғау органының баспасөз хатшысы Толқын Нәбиева мәлім етті.
«Өткен 2010 жылы пара беру фактісі бойынша 12 қылмыстық іс қозғалды, бұл - 2009 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Осы санатта 11 қылмыстық іс сотқа жіберілді»,-деп атап көрсетті ол.
Т. Нәбиеваның атап өткеніндей, мемлекеттік қызметтегі лауазымды қызметшілерге өзі немесе делдал арқылы пара беру қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылатындығына қарамастан, өз мәселелерін заңсыз шешуге тырысқан көптеген азаматтар, қолданыстағы заңды белден баса отырып, пара беруге жиі барады.
Мысалы, сот үкімімен азамат Қ. Қасымбеков шартты түрде 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. «Ол шын мәнінде жоқ болып табылатын жылжымайтын мүлікті заңсыз заңдастыру дерегі бойынша тергеуге дейінгі тексеріс материалына қатысты оң шешім қабылдау үшін 2 900 АҚШ доллары және 10 мың теңге сомасындағы қаражатты Қаржы полициясы қызметкеріне дәмханада отырған жерінде береді. Осыдан кейін, Қасымбеков аталған қаражатты беру кезінде қолма-қол ұсталды»,-деді Т. Нәбиева.