Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігі департаментінің директоры Василий Маслов мәлім етті.
«Бізде бюджет үш жылға, яғни 2011-2013 жылдарға жасақталды. Осы бюджет аясында республикалық қаражаттың негізгі бөлігі (96 пайызы), нақтылап айтқанда 51 млрд. теңгесі инженерлік жүйелер мен коммуналдық секторды жаңғыртуға, қайта жөндеуге және салуға бағытталады. Оған су, жылу, газ және электрмен қамтамасыз ету жұмыстары кіреді», - деді ол.
Еске салайық, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету түйіткілдері үстіміздегі жылғы қараша айында Үкімет мақұлдаған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында шешіледі. ҚР Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне бұл істе ірі және кішігірім қалаларды сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүктелді. Ал ауылдық елді мекендермен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады.
В.Масловтың сөзіне қарағанда, аталған 51 млрд. теңгенің 25 млрд.теңгесі сондай-ақ, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Бұл жобалардың кем дегенде 10 пайызын жергілікті әкімдіктер қаржыландыратын болады. Осылайша, 51 млрд. сома тағы 11 млрд. теңгеге артады. Оның сыртында қызметтерді көрсетуші кәсіпорындардың 208 млрд. теңге жеке қаражаты тағы бар.
ҚР Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері агенттігі 2020 жылға дейін коммуналдық жүйелердің 60 пайызын ретке келтіріп, апатты-қалпына келтіру жұмыстарынан оның алдын алу әдістеріне көшуді жоспарлап отыр.