2011 жылдан бастап Астана-Бурабай автомагистралі ақылы болады - Көлік министрі

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылдан бастап Астана-Бурабай автомагистралі ақылы болады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов айтты.

«Бұл ретте келесі жылдан бастап Астана-Бурабай автобанындағы баға жеңіл көліктер үшін шақырымына 2 теңге, ал коммерциялық көліктерге шақырымына 15 теңге болып белгіленіп отыр. Оның ішінде автобустарға 5-тен 15 теңге аралығында ақы төлеуге тура келеді. Ал осы автомагистраль бойында орналасқан елді мекеннің тұрғындары үшін онымен жүру тегін болады. Өйткені, оларға бір күннің ішінде осы жолмен бірнеше мәрте қатынауына тура келеді. Сондықтан жол бойы елді мекендерінің тұрғындарынан ақы алынбайды», - дейді министр.

Естеріңізге сала кетейік, ұзақтығы 224 шақырым болатын еліміздегі алғашқы үлкен жылдамдықты Астана-Бурабай автомагистралінің құрылысы 2006 жылы басталған болатын. Алты жолақты жаңа жол техникалық санаты 1-А параметрлеріне сәйкес келеді. Жолдың есепті жылдамдығы сағатына 150 шақырымды құрайды. Жобаның құны 115 млрд. теңгеден астам.