2011 жылдан бастап білім беру ұйымдарында нәтижеге бағытталған жоспарлау жүйесі енгізіледі

АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2011 жылдан бастап білім беру ұйымдарында нәтижеге бағытталған жоспарлау жүйесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен селекторлық кеңес барысында Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасын таныстырған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков айтты.

2011 жылдан бастап білім беру ұйымдарында нәтижеге бағытталған жоспарлау жүйесі енгізілетіндігін атап өткен вице-министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда еліміздің оқушыларының тек 28 пайызында компьютер, ал 16 пайызында интернетке шығу мүмкіндігі бар екен. «Бұл дамыған мемлекеттерден 3 есе, сондай-ақ көрші елдерден де айтарлықтай аз болып отыр», деді М.Сарыбеков.

Сонымен қатар Қазақстанда технологиялық дайындық деңгейі де жоғары емес. Еліміз білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларға қол жеткізу және оны қолдау бойынша әлемде 75-ші орында тұр.

Ал осы күнге дейін мектептердің 66 пайызының кең жолақты интернетке қол жеткізуге мүмкіндігі болмай отырғандығын баса айтқан ол «сол үшін барлық білім ұйымдарын кең жолақты интернетке қосу, оқу процессін автоматтандыруды енгізу, педагогтар мен оқушылардың білім беру ресурстарына қолжетімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы педагог кадрларды даярлау және біліктіліктілігін арттыру жүйесін, әлемдік деңгейдегі сандық мектептерді құру жоспарлануда», деді.