Үкімет басшысы екі күн бұрын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры директорлар кеңесінің кеңейтілген отырысы өткенін айта келе, онда «Самұрық-Қазына» құрамына кіретін компаниялар жағынан қазақстандық азаматтар мен зейнетақы қорлары үшін акцияларды орналастыру және жекеменшікке алу мәселесі бойынша шешім қабылданғанын жеткізді.
Жыл соңына дейін Қор бұл мәселені қарастыратынына тоқталған К. Мәсімов: «Біз бұл мәселені Қаржылық бақылау агенттігімен, Ұлттық банкпен, ҚР Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығымен бірге Үкімет отырысында арнайы талқылайтын боламыз»,-деді. Осы орайда Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» құрылымына кіретін ірі компаниялардың акцияларын орналастыру тұрғысында 2011 жылдан бастап қор нарығын дамыту бойынша ауқымды бағдарлама іске қосылатынын жеткізді.
«Менің пайымдауымша, бұл дағдарыстан кейінгі маңызды қадамдардың бірі болып табылады, өйткені дағдарыс кезінде мемлекет рөлі айтарлықтай жоғарылады. Алайда дағдарыстан кейінгі кезеңде жеке сектор белсенділікті бұдан ары қарай жалғастыру үшін бұл әдістемені өзгерту қажет»,-деп атап өтті Үкімет басшысы.
К. Мәсімовтың сөзіне қарағанда, алдағы жылдың қаңтарында «Самұрық-Қазына» қоры аталған ауқымды бағдарламаны ұсынатын болады. «Атап айтқанда акциялар айналымға түсіп, қазақстандық қор нарығын дамыту шараларын құру үшін Қазақстан азаматтары бірінші болып бұл акцияларды сатып алуы маңызды саналады»,-деді Үкімет басшысы.