2011 жылдың қаңтарында ел аумағында 1296 өрт оқиғасы болды - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпаорва/ - 2011 жылдың қаңтарында республика аумағында өндірістік және тұрмыстық сипаттағы 1296 өрт болды,

салдарынан 104 адам зардап шегіп, 46 адам ажал құшты. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Любовь Шапошникова мәлім етті.

«Өрт кезінде адамдардың қаза болуы, әсіресе балалар өлімі аса алаңдаушылық туғызады. Тілсіз жаудың салдарынан келген материалдық шығын шамамен 247 млн. 605 теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда өрттердің саны 15,2 пайызға, қаза болғандар 21,1 пайызға өсті, ал материалдық шығын 6,9 пайызға азайды. От шығатын негізгі нысандар тұрғын үйлер болып отыр, бұл барлық оқиғалардың 75,2 пайызын құрайды. Сондай-ақ, өртену жағдайларының 13,6 пайызы көлік құралдарында, 2,4 - сауда нысандарында, 2,8 - өндірістік маңыздағы ғимараттар мен құрылыстарда, 1,8 әкімшілік-қоғамдық ғимараттарда болды», - деп атап өтті Л.Шапошникова.

Ресми өкілдің айтуынша, зардап шеккендердің жалпы санының 35 пайызы немесе 109 адам - иіс тиіп уланғандар, ал 33,9 пайызы немесе 104-і өндірісте немесе үйде болған өрттерде зардап шеккендер. «Адамдардың улануы негізінен қатты отынмен жанатын пештерді қолдану кезінде қауіпсіздікті сақтамаудан болып отыр», - деп анықтады ол.

Л.Шапошникованың сөзіне қарағанда, мас күйінде шылым шегу де арты қатерлі салдарға әкеп соқтыратын бірден-бір фактор.

ҚР ТЖМ ұсынған мәліметтерге сүйеніп бірнеше мысал келтірейік, ағымдағы жылғы 13 ақпанда кешқұрым Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы жекеменшік тұрғын үйде пештің ақауы салдарынан өрт шығып, салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды, 3 жасар бала, 22 жастағы жігіт пен 38, 48 және 49 жастағы үш әйел иіс тиіп, ауруханаға жеткізілді.

Сол сияқты 16 ақпан күні Астана қаласының Алматы ауданындағы жер үйлердің бірінде болған ұқсас оқиғада 2, 3 және 5 жастағы бүлдіршіндер көмірқышқыл газына уланып қалды.