2011 жылдың қыркүйегінде ОҚО-да жеңіл көліктердің саны ең көп тіркелді - ҚР Статистика агенттігі

None
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2011 жылдың қыркүйегінде автомобильдердің саны ең көп тіркелген өңір - Оңтүстік Қазақстан облысы. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінде өткен брифингте мәлім болды.

Агенттік төрағасы Әлихан Смайылов атап көрсеткендей, 2011 жылдың қыркүйегінде республикада тіркелген жеңіл автокөліктердің саны 50 845-ті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға төмен.

Агенттіктің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, ең көп тіркелген жеңіл көліктердің саны ОҚО-да болды. Мұнда 8 083 темір тұлпар ресімделді. Одан кейінгі орында Алматы қаласы - 8016, Астана қаласы - 5412, Алматы облысы - 4 425 және Шығыс Қазақстан облысы - 3 669 тұр.

Сондай-ақ статистика, ескі көлікке құмартушылардың саны азайғанын көрсетіп отыр. Мәселен, 2010 жылдың қыркүйегінде тіркелген шығу мерзімі 10 жылдан асқан машиналардың саны 36 642 болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 30 855-ті құрады. Қолданыста 3 жылдан артық болған машиналарды сатып алу 2265-ке азайды.

Үстіміздегі жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген барлық жеңіл көліктің саны 3 млн. 455 мыңды құрады.