2011 жылдың он бір айында Кеден Одағы елдері арасында өзара сауда көлемі 21 млрд. доллардан асты

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - 2011 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында Кеден Одағы елдерінің өзара сауда көлемі 21 млрд. 431 млн. АҚШ долларын құрады.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов айтты.

«Кеден Одағы елдерінің өзара саудасы 2011 жылы қаңтар-қараша айында 21 млрд. 431 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл 2010 жылдың қаңтар-қарашасымен салыстырғанда 40 пайызға артық деп айтуыға болады. Оның ішінде 6 млрд. 726 млн. АҚШ доллары - экспорт, ол 46 пайызға өсті. Импорттың көлемі 37 пайызға өсіп, 14 млрд. 704 млн. АҚШ долларын құрады», - деді ведомство төрағасы.

Қазақстан экспортының басым бөлігін минералды өнімдер, металдар және олардан жасалған бұйымдар (23,6 пайыз), химиялық өнеркәсіп өнімдері (7,7 пайыз) құрады.    

Ал Беларус пен Ресей елдерінен үлкен дәрежеде минералды өнімдер, машиналар мен жабдықтар, металдар және олардан жасалған бұйымдар, химиялық өнеркәсіп өнімдері әкелінді.