Дегенмен қауіп-қатердің ауылы алыс деуге әлі ерте. Бұл туралы бүгін «Өрлеу» экономикалық клубының кезекті III мәжілісінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының және «Өрлеу» экономикалық клубының төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі банктер қазір сыртқы қарыздарын өтеумен айналысуда. Бұл өз кезегінде ішкі несиелеу жұмыстарына немесе экономиканы бұрынғысынша несиелендіретіндей жағдайға жеткізуге кері әсерін тигізуде. «Сонымен қатар, банктердің несиелік қоржынының қосымша провизияларды немесе резервтерді қалыптастыруды қажет етуі де біршама қиындықтар тудырып отыр. Әрине, бұл жағдай күн тәртібінен түспейді және Үкімет онымен тұрақты айналысуда», деді Қ.Келімбетов.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры төрағасының пайымдауынша, осыған дейін қаржы саласындағы күрделі мәселелердің бірі жылжымайтын мүлікпен байланысты болып келді. Бүгінде мемлекет жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды тұрақтандырды. «Бұған Үкімет тарапынан қолданылған құны 3 миллиард АҚШ долларын құрайтын тиісті бағдарламаның зор көмегі тиді. Сөйтіп, Астана мен Алматы қалаларында құрылысы басталып, бірақ соңына дейін жеткізілмеген нысандардың мәселесін мемлекет шешті. 2011 жылға дейін республикада 35 мыңнан астам пәтердің құрылысы аяқталады. Осыған орай 25 мыңнан астам үлескер пәтерлі болады», деді ол.