2011 жылғы ғылым саласындағы атаулы сыйлықтар тағайындалды
конкурстық материалдарды қарау және ұсынымдық шешімдерді дайындау жөніндегі Конкурстық комиссия отырысы өтті. Бұл туралы аталмыш ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.
«Ғылым саласындағы сыйлықтарды тағайындау - қазақ зиялылары мен ғылыми элитаның арасында үлкен маңызға ие. Себебі, аталмыш сыйлықтардың атауы Қазақстанның айтулы қоғам қайраткерлері мен ғалымдарымен тығыз байланысты. Конкурстық комиссия 2011 жылғы ғылым саласындағы сыйлықтарды иеленуге арналған байқауға тапсырылған жұмыстарды қарап, оларды тағайындау жөнінде ұсынымдық шешімдерді қарастырды», делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы 2011 жылдың 19 шілдесіндегі №830 «Мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен ғылым саласындағы сыйлықтар туралы» қаулысымен 2011 жылғы ғылым саласындағы мынадай сыйлықтар бекітілді: Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеу жұмысы үшін Қ. Сәтбаев атындағы сыйлық; Гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеу жұмысы үшін Ш. Уәлиханов атындағы сыйлық; Педагогика ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеу жұмысы үшін Ы. Алтынсарин атындағы сыйлық; Түркология саласындағы үздік ғылыми зерттеу жұмысы үшін Күлтегін атындағы сыйлық; Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеу жұмысы үшін Д. Қонаев атындағы сыйлық және Гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеу жұмысы үшін - М. Әуезов атындағы сыйлық.
Байқауға ұсынылған 178 ғылыми-зерттеу жұмыстарының ішінде теориялық және тәжірибелік маңызы зор, ғылыми мазмұны терең, ғылыми міндеттерді айқындау және шешудегі ерекшелігімен дараланған үздік 5 жұмыс анықталды. Конкурстық комиссияның шешімімен биылғы жылы Күлтегін атындағы сыйлық тағайындалған жоқ. Осыған орай, 2011 жылы ғылым саласындағы атаулы сыйлықтар төмендегі зерттеуші-ғалымдарға тағайындалды:
- Қ. Сәтбаев атындағы сыйлық - профессор З.С. Әбішева жетекшілік еткен жер, металлургия және байыту ғылыми орталығының ғалымдар тобына;
- Ш. Уәлиханов атындағы сыйлық - «Тұран» университетінің профессоры А.Т. Әшімбаеваға;
- Ы. Алтынсарин атындағы сыйлық - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Ж.Ж. Молдабековке;
- Д. Қонаев атындағы сыйлық - Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургиялық Институттың ғалымдар тобына;
- М. Әуезов атындағы сыйлық - А.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Т.Н. Смағұловқа берілді.
Ғылым саласындағы атаулы сыйлықтарды салтанатты түрде табыстау Астана қаласында өтеді.