2011 жылы 20 мың оқушы «Жас Ұлан» ұйымына мүше болды

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасының тапсырмасы бойынша жалпы білім беретін мектептерде «Жас Ұлан» Бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылды, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінен Pm.kz сайтына.

«Жас Ұлан» - балалар мен жастарды отансүйгіштікке баулуға бағытталған бірегей жоба. Жаңа жастар ұйымы екі сатыдан тұрады, 1-4 сыныптағыларды (6-10 жас аралығындағы) балалардың басын біріктіретін «Жас қыран» бөлімінен, 5-10-сынып оқушыларын (11-16 жасар жасөспірімдер) біріктіретін «Жас ұлан» бөлімінен», - делінген ведомство хабарламасында.

2011 жылы 20 мыңдай бала мен жасөспірім «Жас Ұлан» ұйымына мүше болды.

Қазіргі таңда республикада жастар саясатын табысты жүзеге асырып отырған жастардың 19 ресурстық жобалар бар. 2011 жылы «Ауыл жастары» жалпыұлттық бастамасы, «Жастардың кадрлық резерві», «Жастар - Отанға», «Дипломмен - ауылға», «Жасыл ел» жобалары жүзеге асырылды.