2011 жылы Азия-Тынық мұхиты дамушы елдерінің экономикасы 7,3 пайызға өседі

None
АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2011 жылы Азия-Тынық мұхиты дамушы елдерінің экономикасы 7,3 пайызға өседі.

Бұл туралы бүгін Астанада Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі экономикалық және әлеуметтік ахуалдың биылғы шолуын таныстыру кезінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ноэлин Хейзер мәлім етті.

Аталған шолуды таныстыру шарасына ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов қатысты.

«2008-2009 жылдардағы дағдарыстан кейін аталған өңір 2010 жылдан бастап шапшаң қалпына келе бастады. Атап айтқанда, 2010 жылы бұл аймақтың дамушы экономикасы 8,8 пайыз деңгейінде өсті. Ал 2011 жылы аймақтағы экономиканың өсімі 7,3 пайыз көлемінде болжанып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда төмендеу»,-деді ол.

Н. Хейзердің сөзіне қарағанда, Азия-Тынық мұхиты өңірі алдағы уақытта әлемдегі дамуы бойынша қауқарлы аймақ ретінде қала бермек. Осы орайда ол аталған аймақты жаһандық дамудың локомотиві деп бағалады. «Атап айтқанда, әлемнің басқа өңірлеріне қарағанда, өсім 1,5 пайызға артық болады»,-деп атап өтті БҰҰ өкілі.

Айта кетейік, өңірдегі дамушы ірі мемлекеттердің экономикасы қарқынды дами түспек. Оның ішінде 2011 жылы Қытай - 9,5 пайызға, ал Үндістан - 8,7 пайыз деңгейінде экономиканың шапшаң дамуы үрдісімен ерекшеленбек.

Н. Хейзердің пайымдауынша, жалпы алғанда биылғы жылдағы даму кең ауқымда қалыптасады. Шығыс және Солтүстік-Шығыс Азиядағы өсім - 7,9 пайызды, Солтүстік және Орталық Азия - 4,8 пайыз, Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азия - 6,8 пайызды, Оңтүстік-Шығыс Азия - 5,5 пайызды, сондай-ақ Тынық мұхиты аралдарындағы дамушы елдердің экономикасының өсімі 5,5 пайызды құрамақ.