2011 жылы Дүниежүзілік Банк рейтингісінің инвесторларды қорғау санатында Қазақстан 34 сатыға жоғарылады

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінде 2011 жылы Қазақстан 47-нші орынға ие болды, деп хабарлайды pm.kz сайты.

Жалпы өткен жылы инвесторларды қорғау санатында Қазақстан рейтингісі 34 сатыға жоғарылады.

2011 жылы Қазақстан Үкіметі инвестициялық жағдайды жақсартып, инвесторларды қолдау үшін инвестиция тарту жөнінде Ұлттық жоспар қабылдады.

Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикада қолайлы инвестициялық жағдай жасауға ерекше назар бөліп келеді. 1991 жылдан бастап Қазақстан ашық нарықтық экономика, бизнес жүргізуге жағдай жасау, тікелей шетелдік инвестиция тарту үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық реформалар жасауға кірісті.

«Қазақстан қолайлы салықтық-инвестициялық жағдай, тұрақты банктік қаржы жүйесімен ерекшеленеді.  Мемлекет өңдеуші өнеркәсіп саласына барынша басымдық береді. Менің ойымша, бұл еліміздің басым салаларына инвестиция құюға мүддесі бар шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге үлкен мүмкіндік тудырады», - деп атап өткен бұрынырақ ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов.

Қазақстан Үкіметі қабылдаған инвестиция тарту жөніндегі Ұлттық жоспар процедуралық және визалық жеңілдіктер, инвесторлар үшін, соның ішінде аймақтардағы инвесторлар үшін жағдай жасау, инвесторларға барлық деңгейде қолдау білдіруді көздейді.

Қазақстанда инвесторлар үшін еліміз туралы барынша толық ақпарат беретін 12 тілде ұлттық инвестициялық  веб-сайт іске қосылған (www.invest.gov.kz ). Қазірдің өзінде әлемнің 150 елінен 55 мың адам сайтқа кірген. Бүгінгі таңда, 42 елдегі 209 шетелдік инвестормен, соның ішінде 28 елден 136 технологиялық көшбасшымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

2011 жылдың І жартыжылдығында өңдеуші өнеркәсіптегі инвестиция өсімі 35 пайызды құрап, 1,5 млрд. АҚШ долларына жеткен.

Халықаралық сарапшылар республикадағы инвестициялық жағдайды жақсарту үшін Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан шараларға жоғары баға берген. Мысалы, «Ernst & Young» компаниясының Бас операциялық директоры Джон Феррароның айтуынша, Қазақстан ТМД-дағы тартымды нарығы бар елдердің үштігіне кіреді.

Ал өз кезегінде Ресей және ТМД бойынша RBS Басшысы Дуглас Кеннеди Қазақстанда ашық инвестициялық жағдай қалыптастып жатқанын атап өткен.