Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«2011 жылы Қазақстан таза салмақта 26,9 млн. тонна астық жинады. Мұндай астық көлемі соңғы рет 1986 жылы жиналған. Алайда, ол кезде егін алқабы былтырғы жылғыға қарағанда 1,5 есе көп болды», - деді ведомство басшысы.
Ә. Смайыловтың атап өткеніндей, өткен жылы Қазақстанда бастырылған егіннің өнімділік көрсеткіші өте жоғары болды. Орташа есеп бойынша, бір гектар алқаптан 16, 9 центнер астық алынды. «Мұндай өнімділік соңғы 60 жылда тіркелмеген», - деді ол.
Жалпы, Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, былтыр ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2 трлн. 256 млрд. теңгені құрап, 26,7 пайызға артты.