2011 жылы еліміздің ауруханаларында 2,3 млн. науқасқа стационарлық көмек көрсетілді

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - 2011 жылы еліміздің ауруханаларында 2,3 млн. науқасқа стационарлық көмек көрсетілді, олардың үштен бірі - ауыл тұрғындары,

деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

 ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011- 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасы шеңберінде елімізде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) енгізілуде. 

 Екі жылдың ішінде стационарлық сектор қызметін жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар атқарылды. БҰДСЖ іске асыру стационарлық сектордағы төсек-орындардың нақты қажеттілігін анықтауға, республика бойынша бірегей тариф белгілеуге, тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

 «2011 жылы еліміздің ауруханаларында 2,3 млн. адам стационарлық көмек алды, олардың үштен бірі - ауыл тұрғындары. Стационарды еркін таңдау қағидасын жүзеге асыру нәтижесінде республиканың барлық тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Жоспарлы ауруханаға жатқызу барысында еркін таңдау құқығын өткен жылы 698 мың адам пайдаланса, олардың 44% - ауыл тұрғындары. Азаматтардың 92% өздері тұратын өңірлерде ем алса, 2% өзге аймақтарды таңдаған. Ал науқастардың 6%-на республикалық емханаларда арнаулы көмек көрсетілді», - деп атап көрсетілген баспасөз хабарламасында.

 Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы халықаралық консалтингтік компаниямен бірлесе отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған аурухана секторын дамыту стратегиясының жобасын әзірледі. Стратегия шеңберінде әрбір өңірге арналған, жергілікті атқарушы органдармен келісілген шеберлік-жоспарлары жасалуда.