2011 жылы Қазақстан экономикасына 19 млрд. астам доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылды

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Тікелей шетелдік инвестициялар  ағымын әрі қарай еселеу  мақсатында Қазақстанда инвестициялық ахуалды заңнамалық деңгейде жақсарту жөніндегі шаралар қабылдануда.

Атап айтқанда, инвестиция саласындағы ұлттық заңнамалық база жетілдірілуде, деп хабарлады pm.kz сайты.

Қазіргі таңда елімізде инвестициялар тарту, арнайы экономикалық аумақтарды дамыту және экспортты ынтыландырудың  2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасы, сондай-ақ шикізаттық емес секторға инвестициялар тарту және инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі ұлттық жоспар іске асырылып жатыр. Аталмыш бағдарламалардың аясында барлық деңгейде инвесторлармен жұмыстар жүргізіліп, арнайы экономикалық аумақтарды дамыту қолға алынуда.

Мәселен, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ақпараты бойынша, 2011 жылы Қазақстан Республикасының экономикасына 19,9 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Нидерланды (7,9 млрд. АҚШ доллары, 40 пайыз), Франция (1,5 млрд. АҚШ доллары, 7,8 пайыз), Қытай (1,2 млрд. АҚШ доллары, 5,9 пайыз), АҚШ (1 млрд. АҚШ доллары, 5,2 пайыз) және Ұлыбритания (911,9 млн. АҚШ доллары, 5 пайыз) елдері негізгі инвесторлар болып табылады.

Ведомствоның ақпараты бойынша, тікелей шетелдік инвестицияның ең қомақты үлесі - 10,8 млрд. АҚШ доллары - жылжымайтын мүлік операцияларына, 3,5 млрд. доллар - кен өндіру өнеркәсібіне, 2,9 млрд. доллар - өңдеу өнеркәсібіне жұмсалып отыр.