2011 жылы Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда айналымы 20 млрд. доллардан асты

None
АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Былтырғы 2011 жылғы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы алдын ала мәліметтер бойынша шамамен 20 млрд. доллардан асты.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми мен ҚХР Халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Чэнь Чжилидің кездесуі барысында мәлім болды. Естеріңізге сала кетейік, ҚХР өкілі елімізге Қазақстан мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қатынастарының 20 жылдығына орай келген болатын.

Кездесу барысында Сенат спикері Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың даму қарқынына ерекше тоқталып өтті. Атап айтқанда, Төрағаның сөзінше, көршілес екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 2011 жылы 20 млрд. доллардан асқан. Тоқтала кететін тағы бір жайт,  Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің Басшылары тарапынан 2016 жылға қарай өзара сауда айналымын 40 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті жүктелген болатын. Осы мәселеге назар аудара келе Сенат Төрағасы Қайрат Мәми «елдер арасындағы сауда айналымының бүгінгі қарқыны сақталып тұрса, ел басшылары діттеген меже мерзімінен бұрын да орындалуы мүмкін» екендігін атап өтті.

«Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығы барысында экономикалық дамуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінгі күні жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 10 мың долларды құрайды. 2016 жылға қарай біз бұл көрсеткішті 15 мың долларға дейін жеткізуді алға міндет етіп отырмыз», - деді Қ. Мәми. Бұдан бөлек, спикер Қазақстанның әлемдегі шапшаң дамып келе жатқан экономика үштігіне енетінін жеткізді. Атап айтқанда, экономика өсімі қарқыны бойынша біздің еліміз Катар мен Қытайдан кейінгі үшінші орында тұр.