Бұл туралы ҚР Экономикалық ықпалдастық істері министрі Жанар Айтжанова бүгін Алматыда өтіп жатқан Халықаралық сауда, саудаға жәрдемдесу және саудаға көмек мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі жаһандық тақырыптық кездесуде айтты.
«Теңізге шыға алмайтын елдер көлік иелері мен көрші елдерге тәуелді. Сондықтан бізге аумақтық ынтымақтастықтың маңызы зор. Былтыр ел экономикасына шетелдік саудадан 28 млрд. доллар түсті. Біздің сауда айналымымыздың 50 пайызы Еуропаның 27 елімен жасалады. Сондықтан сауда операцияларымыздың көпшілігі Ресей арқылы жүргізіледі. Өйткені біз транзиттік тасымалда Ресейге тәуелді болып отырмыз», - деді Ж. Айтжанова.
Оның айтуынша, Қазақстан қазір қызметтер секторын дамытуды өзінің артықшылықты басымдығының бірі етіп отыр. Енді Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылған соң өзіне көптеген міндеттерді қабылдайды. Сондықтан бұл міндеттер бойынша қолжетімділікті заңдастырумен жұмыс жасап, коммуникацияларды енгізуді жүйелі түрде ырықтандырмақ. Ол экономиканың дамуына ықпал ететін сапалы қызметтерді қалыптастыруға жол ашып, қосымша құн салығын беретін болады.