2011 жылы Мемлекеттік тұрғын үй қорынан 436 астаналық баспана алды - И.Тасмағамбетов

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2011 жылы 436 астаналық Мемлекеттік тұрғын үй қорынан қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілді.

Бұл туралы өзінің жеке блогында тұрғындардың сауалына жауап берген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, Мемлекеттік тұрғын үй қорынан қолжетімді баспананы 2009 жылы - 190, 2010 жылы 288 отбасы алды. Ал биыл тағы 436 астаналық қоныс тойын тойлады.

«Бұған дейінгі жылдары пәтерлерді 50-ге жуық азамат қана алғанын ескерсек, қазір кезектің жылжуының қарқыны жаман емес. Алдағы жылдары бұл жұмысты жалғастыратын боламыз», - деп атап өтті И.Тасмағамбетов.

Айта кетейік, биыл қолжетімді баспаналар Тұрғын үй басқармасына 2003 жылы кезекке тұрғандарға берілді.

Ал тұрғындардың бірінің: «Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына орай үлестірілетін пәтерлер саны көп бола ма?», - деген сауалына: «Астанада жұмыс істейтін бірқатар құрылыс компаниясы өздерінің нысандарын желтоқсанның соңына дейін іске қосу ниеттерін білдіргендіктен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында үлестірілетін пәтерлердің нақты санын айту қиын. Бұл сандарды кейін, 2011 жылдың қорытындысын жасаған кезде айтамын», - деп жауап қайырды.