2011 жылы өрт салдарынан 500-ге жуық адам қаза тапты
10:27, 12 Қаңтар 2012
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2011 жылы өрт салдарынан 500-ге жуық адам мерт болды.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Любовь Шапошникова мәлім етті.
«2011 жылы өрт жағдайына жүргізілген талдауға сәйкес ел аумағында 15 мыңнан астам өндірістік және тұрмыстық өрт болды. Өрт салдарынан мыңнан адам зардап шекті, оның ішінде 488 адам қаза тапты, соның 58-і балалар»,-деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, ТЖМ қызметкерлері өрт кезінде шамамен 2 мыңнан астам адамды құтқарды. Материалдық шығын 4 млрд. теңгеден асып отыр.
2010 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өрт саны 20,3 пайызға, материалдық шығын 6,1 пайызға, өрт кезінде қаза болған адамдар саны 7,6 пайызға, сондай-ақ жарақат алғандар 17,3 пайызға төмендеді.