2011 жылы статистика саласында 9 жаңа ақпараттық жүйе енгізіледі - Ә. Смайылов

АСТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Статистика агенттігі 2011 жылы статистика саласында 9 жаңа ақпараттық жүйе енгізуді жоспарлап отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік статистиканы жетілдірудің басты бағыттары» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жылы «Электронды Үкімет» пен «Электронды Статистика» ықпалдасқан статистикалық ақпараттық жүйесін жасау, енгізу бойынша шараларды жүзеге асыру қолға алынуда. Бұл статистикалық деректерді жинау, өңдеу және тарату барысын автоматтандырудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы агенттік ықпалдасқан ақпараттық жүйесінің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейді және кезең-кезеңімен алдағы екі жыл бойы ақпараттық технологиялардың заманауи талаптарына жауап беретін жүйесін құратын болады», деді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, ақпараттық жүйелерді енгізу статистика саласын жетілдіруге зор мүмкіндік береді. Бұл ретте 2011 жылы 9, 2012 жылы 4 жаңа ақпараттық жүйе құру жоспарлануда.