2012 жылдың 1 ақпанынан бастап көлік құралдары мен санэпидқадағалау нысандарына санитарлық құжат алу талабы жойылады

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Әкімшілік кедергілерді төмендету мақсатында 2012 жылдың 1 ақпанынан бастап көлік құралдарына және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау нысандарына санитарлық құжат алу талабы жойылатын болады.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Бұған дейін санитарлық құжатты рәсімдеу үшін нысандарды немесе көлік құралдарын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелері тексеріп, акті толтырып, зертханалық-құралдық тексерулер жүргізетін. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін Санэпид сараптама орталықтары атқарып келді.    

Зертханалық тексерулерге кететін шығын өтінім берген тарапқа жүктеліп келді. Көлік құралдарына берілетін санитарлық құжаттың жарамдық мерзімі 1 жыл, ал қадағалау нысандарына берілетін құжат мерзімі 2 жылды құрады. 

Енді аталған нысандар мен көлік құралдарын пайдалану құқығы осыған дейін берілген санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды негізінде берілетін болады.  

Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау нысандары мен көлік құралдарының қауіпсіздігі үшін өздері жауап береді. Және ол коммерциялық мақсатта және азаматтарды, азық-түлікті, өндірістік шикізатты, шаруашылық ауыз суды, химиялық, улы, радиациялық қауіпті заттарды темір жол, автомобиль, әуе және теңіз көлігімен жүзеге асыратын кәсіпкерлерге қатысты болады.