2012 жылдың басынан бері еліміз бойынша 3 мың автокөлік бірден техникалық байқаудан өте алмады

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жыл басынан бері еліміз бойынша 3 мың автокөлік бірден техникалық байқаудан өте алмады.  Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Көлік және коммуникация вице-министрі Асылбек Дүйсебаев айтты.

Естеріңізге сала кетейік, биылдан бастап елімізде автокөліктер техникалық байқаудан тек жеке орталықтардан өтеді.

«Жыл басынан бері республика бойынша 10 мың автокөлік тексеріліп, оның 30 пайызы бірден техникалық байқаудан өте алмады», - дейді вице-министр. Атап айтқанда, көліктердің бірден техникалық байқауды еңсере алмауының негізгі себептері жарық түсіру жабдықтары мен тежегіш жүйесінің дұрыс болмауынан тіркеліп отыр.

Оның пайымдауынша, жыл басынан бері әрбір үшінші көліктің техникалық байқаудан өте алмауы техникалық қадағалаудың жаңа жүйесінің тиімділігін көрсетіп отыр.  Бұл бірінші кезекте жолдағы көлік қозғалысының қауіпсіздігіне оңтайлы әсер етпек.