2012 жылдың екі айында Астананың «жедел жәрдеміне» 79 мыңнан астам адам жүгінді

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - 2012 жылдың екі айы ішінде елордалық «жедел медициналық көмек көрсету қызметіне» 79 мыңнан астам адам жүгінді.

Бұл туралы Денсаулық сақтау саласын дамыту республикалық орталығының баспасөз қызметінен мәлім етті.

Берілген мәліметтерге сәйкес, 79 мың науқастың 51 мыңы шұғыл медициналық көмекке дерттің кездейсоқ дамуы, 6 мыңға жуығы қан айналым жүйесінің аурулары және 7,3 мыңы төтенше жағдайларда алған жарақаттар бойынша жүгінген. 

Аталмыш уақыт аралығында «жедел жәрдем» көліктері халықтан түскен қоңыраулар бойынша 66 мың шақыртуға шықты. Бұл былтырғы жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 23 пайызға көп. Соның ішінде шақыртулардың үштен бірі, яғни 23,7 мыңнан астамы балаларға қатысты болған. Сонымен қатар әрбір 12-шақырту (шамамен 9,5 мың) кеңес берумен байланысты болды. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 3 есеге көп.