2012 жылдың ІІІ тоқсанынан бастап Қазақстанда азаматтарды тіркеу кітабы қолданыстан алынады

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - 2012 жылдың ІІІ тоқсанынан бастап Қазақстанда азаматтарды тіркеу кітабы қолданыстан алынады.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы Бақыт Әбішев мәлім етті.

Аталған уақыттан бастап қазақстандықтар азаматтарды тіркеу кітабының орнына мекенжайлық анықтаманы ұсынса жеткілікті болады. Қазір мекенжайлық анықтаманы беретін - Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер қорында сақталған мәліметтерді азаматтардың жеке бастарын куәландыратын құжаттармен және тіркеу кітапшасындағы мәліметтермен сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде.

«Деректерді тексерту және түзету үшін азаматтар тіркеу кітабы мен жеке куәліктерін алып, кез келген ХҚКО-ға келуі тиіс. Мәліметтер сәйкес келмеген жағдайда оған түзетулер енгізіледі», - деп атап өтті Б.ӘБішев.

Б.Әбішев, деректерді сәйкестендіру жұмыстарын 2012 жылдың 15-16 қаңтарында өтетін сайлауларға дейін аяқтауға кеңес берді. Себебі, сайлаушылар дауыс беру учаскелеріне тіркелімдері бойынша үлестіріледі. Министрлік өкілі, осыған байланысты, ХҚКО-ларда кезек саны артатынын да жоққа шығармады. Шаралар азаматтардың қолайлығы үшін жасалып жатқандықтан, оған түсінушілікпен қарауға шақырды.

Онымен бірге, ауыл тұрғындарының уақыты мен жол шығындарын үнемдеу мақсатында 2011 жылдың 1 желтоқсанынан бастап мобильді ХҚКО-лар ауылдық елді мекендерді аралай бастады. Сондай-ақ, мобильді топтар ірі кәсіпорындар мен оқу орындарын да аралауды жоспарлап отыр. Ол жерлерде деректерді тексеру кадрлық қызметтер арқылы жүргізілетін болады.

Сондай-ақ атап өтілгендей, тіркеу деректерінің дұрыстығын үйден шықпай-ақ www.egov.kz порталынан да тексеруге болады. Ол үшін порталдағы «Азаматтар» бөлімінен мекенжайға қатысты қызмет түрі таңдап алынады, «Жеке тұлғалардың мекенжай мәліметтері» бөліміне жеке сәйкесендіру нөмірі (ЖСН) мен жеке басты куәландыратын негізгі құжаттың нөмірі енгізіліп, сұраным жіберіледі. Сұраным жіберілгеннен кейін Мемлекеттік деректер қорындағы ақпарат, нақтырақ айтқанда, азаматтың аты, тегі, қай жерде тіркелгендігі туралы деректер шығады. Егер бұл мәліметтер дұрыс болмаса оны түзету үшін ХҚКО-ға баруға туралы келеді.