Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында вице-министр Мүслім Өміряев осылай мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, ағымдағы жылы субсидия мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға ұлғайған. «Еліміздегі мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау екі бағыт бойынша жүзеге асыралытын болады. Бірінші - асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 8,4 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қаражат асыл тұқымды қой, жылқы, шошқа, түйе төлдеріне, асыл тұқымды ірі қара мал төліне, шетелден әкелінетін ірі қара мал төліне және жұмыртқа мен тәуліктік балапан сатып алуға жұмсалатын болады», - дейді М. Өміряев.
Оның айтуынша, 2012 жылы мал шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау шарасына бюджеттен 29,6 млрд. теңге қарастырылған. Оның 21 млрд. теңгесі мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін жоғарылатуды субсидиялауға жолданатын болады. Бұл ретте бюджеттік субсидиялар шұбат, қымыз, жылқы, қой, биязы жүнді қой, сүт, тауық жұмыртқасы, күркетауық пен етті құс еті, шошқа, сиыр еті өндірісімен айналысатын тауар өндірушілерге арналып отыр. Сонымен қоса бағдарлама арқылы ірі қара малдың аналық басын өсіру үшін пайдаланылатын мал азығының құнын ішінара субсидиялау көзделген.