2012 жылғы тамызда өнеркәсіп өнімдерін өндіруші кәсіпорындар бағасы 3 пайызға жоғарылады

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы тамызда шілдемен салыстырғанда баға кен өндіру өнеркәсібінде 4,4%, өңдеу өнеркәсібінде - 0,4%-ға жоғарылады. Өндірілген өнім 3,1%-ға, өндірістік сипаттағы қызметтер - 0,9%-ға қымбаттады. Бұл жайында ҚР Статистика агенттігі хабарлап отыр.

Өткен айда бағаның мұнайға - 6,3%, дизельдік отынға - 2,7%, табиғи газға - 1,7%, көмірге - 1,3%-ға жоғарылауы, сұйытылған пропан пен бутанға - 9,1%, бензинге - 3,1%, мазутқа - 2,7%, металл кендеріне - 2,1%-ға төмендеуі тіркелді.

«Бір айда баға өңделмеген мырышқа - 15,5%, қорғасынға - 10,5%, қара металдар илегіне - 3,1%, асыл металдарға - 0,3%-ға жоғарылады, ферроқорытпаларға - 4,5%, мысқа - 3,7%, алюминийге - 1,6%-ға төмендеді», - делінген агенттік мәліметтерінде.

Бидай ұны - 12,3%, қара бидай ұны - 4,5%, қант - 3,5%, макарон өнімдері - 2,9%, жармалар - 2,7%, балық - 1,4%, құс еті - 1%-ға қымбаттады.