2012 жылы бала тууына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақыны тағайындаудың электрондық қызметі жүзеге асырылады
«2012 жылы нормативтік-құқықтық актілер өзгертіліп, жеке есеп шоты бар екендігі туралы екінші деңгейлі банктерден ақпарат алынған соң және АҚАЖ органдарымен ақпараттық ықпалдастық жолға қойылғаннан кейін жүргізілетін ең қажетті іс-шара бала тууына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақыны тағайындаудың электрондық қызметін жүзеге асыру жоспарланып отыр», деді министр өз сөзінде.
Оның атап өтуінше, министрлік қазіргі уақыт е-үкімет аясында халыққа электрондық қызметтердің 12 түрін көрсетіп отыр. Сонымен қатар әлеуметтік көмек алуға құқы бар азаматтарға ақпараттық қызмет көрсетуді жақсарту және олардың Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталықтарына өтініш жасауы барысында қажетті ақпараттарды дайындап беру уақытын қысқарту мақсатында әлеуметтік салалардың ақпараттық жүйесіне қоғамдық ену пункттерін ашу бойынша іс-шараларды жүргізуде. Қазіргі таңда бұндай орталық тек Астана қаласында ғана бар. Министрлік жыл соңына дейін еліміздің барлық облыстарында осындай орталықтарды құруды жоспарлап отыр.
Дегенмен Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталықтарының материалдық-техникалық жабдықтауда бірқатар проблемалардың бар екендігін атап өткен Г.Әбдіқалықова «толығымен алғанда біз 11 жылда ақпараттық жүйеге 4 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсадық. Менің ойымша, нәтижесінде әлеуметтік қамсыздандырудың ағымдық бағдарламаларын тиімді әкімшілеу қамтамасыз етілді», деп қорытты сөзін.