2012 жылы бірқатар аймақтардағы салық органдары қысқартылады - Дәулет Ерғожин

МАТЫ. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - 2012 жылы Қазақстанда бірқатар аймақтық салық құрылымдары қысқартылуы мүмкін.

Бұл қысқарту салық жүйесін реформалау аясында жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Алматыда басталған «Халықаралық салық жүйесі - Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының факторы ретінде» атты салық конференциясында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

«Биылдан бастап біз Дүниежүзілік банкпен бірлесіп салық қызметін қайта жаңғырту бағдарламасын бастадық. Қазір ол қарқынды жүргізілуде, барлық құжаттар Дүниежүзілік банкпен бекітілген. Келесі жылы бағдарламаның өте маңызды кезеңі басталады. Шетелдік кеңесшілерімізбен бірлесе отырып салық органдарының санын азайту бойынша бірқатар бағыттарды анықтадық. Біздің қазіргі кезде Қазақстан бойынша 220 кеңсеміз бар. Келер жылы бұлардың бірқатарын қысқартып, облыстарда аймақаралық кеңсе ашуды көздеп отырмыз»,- деді Д.Ерғожин.

Ол сондай-ақ бұл өзгерістің Атырау, Маңғыстау сынды халықаралық бизнес дамып отырған аймақтарда керісінше болатынын айтты. Бұларда кәсіби деңгейі жоғары салық қызметкерлері көбейтілмек. Сонымен қатар ол өз сөзінде аймақтардағы құрылымдардың қысқартылуы есебінен басқа облыстардағы қызметкерлердің жалақысы көбейетіндігін де атап өтті.

Еске сала кетейік, аталған конференция Салық комитеті мен Қазақстанның салық төлеушілері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Конференцияның басты мақсаты - бизнес қауымдастықты еліміздегі халықаралық салық айналымын жетілдіру мақсатындағы өзгерістермен құлағдар ету. Сондай-ақ маңызды мәселелерді бірге талқылап, шешу, халықаралық тәжрибені зерттеу.