2012 жылы «E-learning» жобасы 537 білім беру ұйымында енгізіледі - Білім министрі

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ -  2012 жылы «E-learning» жобасы 537 білім беру ұйымында енгізіледі.

Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұлов айтты.

«E-learning» электронды оқыту жүйесінің құқықтық және әдіснмалық базасы қалыптасуда. 44 білім беру ұйымында «E-learning» бағдарламасының ілкі жобасы басталды. 2012 жылы олардың санын 537-ге жеткізіп, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуіміз қажет», - деп атап өтті министр.

Б.Жұмағұлов, «E-learning» жүйесін тиімді енгізу үшін министрлік аппаратына, облыстық білім басқармаларына ілкі жобаға жан-жақты талдау жасауды биылдан бастауға тапсырма берді. Оның негізінде және әлемдік тәжірибені ескеріп, «E-learning» тұжырымдамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар берілуі тиіс.

«Әлемде электронды оқыту қарқынды даму үстінде, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар аса қажет. Өзекті міндеттердің бірі - Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания, Малайзия, Канада, Австралия сияқты білім саласы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, «E-learning» жүйесін және оқу ресурстарының контентін Қазақстан жағдайына бейімдеп, дамыту», - деп нақтылады ведомство басшысы.