2012 жылы Есіл өзеніндегі су жолы 18,5 шақырымға ұзартылады

АНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Шілденің 6-сы, Астана күні қарсаңында Есіл өзеніне серуен-саяхатқа арналған 60 кішкене кеме (катер) суға түсіріледі. Ал болашақта Есіл навигациясы арқылы тек серуен-сауық қана емес, жолаушылар тасымалы да жүзеге асырылатын болады.

Мамырдың 29-ы күні Есілде тұңғыш рет жолаушылар тасымалдайтын су жолы ашылып, алғашқы екі жолаушыға, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Михаил Бутенко мен №4 мектеп-гимназиясының оқушысы Ерлан Әбідғалиевке куәлік тапсырылды. Су қозғалысының бірінші кезеңіне 2 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Елордада басталған өзен қозғалысының жұмысын «Есіл-Астана» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыратын болады. Жолаушы және жүк тасымалында, негізінен, темір жол, күре жол және әуе жолына иек артатын Қазақ елінде су көлігі некен-саяқ. Сондықтан, шығыс тұстағы Ертіс өзеніндегі су-көлік қатынасында әбден ысылған мамандар елордалықтарға білгендерін үйретіп, тәжірибесін ортаға салды. Өзен жолының 9 шақырымы серуенге, ал, 6 шақырымы жолаушылар тасымалына арналады. Оған екі су көлігі бөлініп отыр. Су көлігі әзірге алты аялдама арасында қатынайды.

Есілдегі көлік қозғалысының екінші жартысын іске қосу барысында болашақта, яғни 2013 жылға таяу су көлігі көбейтіліп, өзен вокзалы да салынады. Елорданың әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Есіл су жолы тасымалының алғашқы кезеңі биыл іске қосылатынын, келешекте су жолы 18,5 шақырым ұзартылатынын 2008 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындысын жасау барысында айтқан-ды. Осылайша, Астананың өркендеуі айтылған мерзімге сай, уақытында атқарылып келеді. Демек, елордадағы жолаушылар тасымалы міндетін автобустарға ғана жүктеп қоймай, су көлігін қатарға қостық.

Енді көп ұзамай жеңіл-рельсті трамвай да «тізгінін қағып» қалар. Бұл жоба мемлекет пен жекеменшік серіктестігі түрінде іске асырылады. 59,3 шақырымдық рельсте төрт бағыт бойынша жолаушы тасымалданады. Бұл өзі ауқымды жоба болғалы тұр. Темір жол вокзалы мен ескі қаланың орталық бөлігін және сол жағалаудағы әкімшілік орталықты жалғайтын трамвай жолының алғашқы кезеңі 2011 жылы іске қосылады. Ал қалған үш кезеңі 2015 жылы тәмамдалмақ. Жол-көлiк инфрақұрылымын дамыту үшiн Астана әкімдігі 2011 жылға дейiнгі көлiк стратегиясын әзірледі. Соған сәйкес Астанада ұзындығы 26 шақырым болатын кiшi көлiк орамы салынады. Көлік орамы Сарайшық, Он екiншi, Он төртiншi, Угольный және Бейсеков көшелерi арқылы өтеді. Бұл қаланың орталық бөлiктерiндегi көлік ағынын тездетуге мүмкіндік туғызады. Осы көшелер арасындағы тораптарды жалғастыруды қамтамасыз етуде 13 жол-көлiк жолайрықтары тағы салынбақ. 2008 жылы екi көлiк жолайрығы және Есiл өзенi арқылы өтетiн автокөлiк көпiрi тұрғызылды. 2008 жылы 274 шақырымнан астам жол салынып, жөндеуден өткізілді. Оның 40 шақырымы жаңадан төселді. Мұның алдындағы үш жылда бар-жоғы 170 шақырым жол салынып, жөндеуден өткізілген еді.

 Елбасының биылғы Жолдауында жүктелген тапсырмаларға сәйкес, Үкiмет қолға алған «Жол картасын» жүзеге асыру аясында Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы барлығы 7 391 993 мың теңге қарастырып отыр. Оның ішінде «Жол картасын» жүзеге асыру үшін 1 350 000 мың теңге берілді. Ал, несиегерлік берешекті өтеуге 107 354 мың теңге және даму трансферттеріне 5 819 470 мың теңге бөлініп, жергілікті бюджет есебінен қосымша 115 169 мың теңге бөлінді. «Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметін қамтамасыз ету» бағдарламасын атқаруға 6 941 мың теңге қарастырылды. Астана және Алматы қалаларының автомобиль жолдарының қызмет етуін қамтамасыз ету» бағдарламасына 21 966 мың теңге қарастырылған болатын. Бүгінде 57 қалалық бағдар бойынша күн сайын 800-ге жуық қоғамдық көлiк жолаушылар тасымалдайды. Бағдарлық жүйенiң ұзақтығы - 2160 шақырым. Қалалық автобустардың жалпы саны бір мыңнан асады. Үлкен автобустардың қатары 600-ден артық. Шағын автобустар 400-дің шамасында. 2008 жылы қалалық жолаушылар көлiгiмен 1 106,6 млн. жолаушы тасылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдан 1 пайыз артық. Оның iшiнде қаланың көлiк кәсiпорындары 163,8 млн жолаушыны,жеке кәсiпкерлер 942,8 млн. адамды тасыды. Бұл пайызға шаққанда тиісінше 14,9 және 85,2 пайызды құрайды. «Жол картасын» жүзеге асыру үшін жыл басында «Көлік инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттің трансферттері есебінен 5 819 470 мың теңге, ал жергілікті бюджет есебінен 113 228 мың теңге қарастырылды. Қалада көлік инфрақұрылымы жақсы жетіліп келеді. Бір ғана мысалды айтып өтелік. 1974 жылы жолаушылар тасымалдау мақсатында құрылған «№ 1 автобус паркi» АҚ бүгiнде елорданың iргелi әрi байырғы жолаушылар тасымалы мекемесі болып табылады. Кәсiпорын қаладағы жолаушылар тасымалы көлемiнiң 35 пайызын атқарып отыр. Жұмыс сапалы әрi кәсiпорынның қызметi жоғары деңгейде болуы үшiн мұнда барлық жағдай жасалған. Кәсiпорынның аумағында тәжiрибелi ұстаздар сабақ беретін жүргiзушiлер мен кондукторлар даярлауға арналған оқу орталығы орналасқан. Кәсiпорынға 1997 жылы «МАН-232» маркалы 20 автобус, ал 2004 - 2006 жылдар аралығында «Хюндай - аэро сити» маркалы 55 автобус алынды. 2007 жылы паркке «MAN Lions Classic» маркалы 95 автобус әкелiндi. Ал үстiмiздегi 2009 жылы арнайы траппен жабдықталған, мүгедектер арбасының кiрiп-шығуына ыңғайластырған «MAN Lions City» маркалы 5 автобуспен жаңғыртылды. Қаладағы көлік қозғалысын реттеу шаралары да арнайы назар аударуға тұрарлық. Сол мақсатта «Елді мекендерде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша 77 388 мың теңге қарастырылды. Жүк тасымалдау жайына келер болсақ, өткен жылы қала көлiгi 58 645,2 мың тонна жүк тасыды, жалпы жүк айналымы 2 929,5 мың тонна. Бұл көлiктiк емес ұйымдар және жүк автокөлiгi бар коммерциялық тасымалдаумен айналысатын жеке тұлғалар тасымалдаған жүктiң мөлшерiн қоса есептегендегі көрсеткіш. 2007 жылмен салыстырғанда тасылған жүк көлемi 8,6 пайызға ұлғайды.

 Бұларға қосымша елордада «Экипаж», «Экипаж плюс», «Вираж», «Сантана» және «Тұлпар» ЖШС секілді 4 таксомоторлық компания қызмет етедi. Бұл кәсіпорындардың құрамындағы 250 мәшине лыпып дайын тұр. Олардың 150-і бағытқа күнделiктi шығады. Сонымен қатар, таксомоторлық парктiң 150 машинасында фискалды чек беретiн таксометрлер орнатылған. Астанаға келіп-кетіп жатқандардың бірқатары әуе көлігіне жүгінеді. 2008 жылы әуе көлiгiмен 2 343,4 мың адам тасылды. Барлық бағыттардағы жолаушылар айналымы 4 874,7 млн болды және 2007 жылмен салыстырғанда 110,7 пайызға ұлғайды. Елордадағы көпiрлер мен жол өткелдерiн салу және қайта жаңарту аясында 2008 жылы бірқатар көшелерде жұмыстар атқарылды. Қабанбай батыр даңғылы бойында Есiл өзенi арқылы көпiр ашылды. Б. Момышұлы даңғылынан Қ. Мұңайтпасов көшесiне дейiн М. Жұмабаев көшесiнiң жол жақ бөлiгiнiң құрылысы, Манас көшесiнен Мирзоян көшесiне дейiнгi учаскеде Фабричная көшесi, Сарыарқа көшесiнен № 36 көшеге дейiн Сарайшық көшесi қайта жаңартылды. Астананың көлiк желiсi ұзындығы 728 шақырым болатын 647 көшеден тұрады. Оның 510 шақырымы, яғни 70 пайызына асфальт-бетон төселген. 218 шақырымы жазда шаң ұйтқытып, күз-көктемде батпақ-батпақ болып, қатты жабынсыз «жалаңаш» жатыр. Астана қаласының 2009 жылға арналған бюджетін нақтылау кезінде Жол картасын іске асыру үшін «Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыру аясында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, қалалар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу және күтіп ұстау» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттің трансферттері есебінен Жол картасы бойынша жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 1 350 000 мың теңге қарастырылды. Өткен айдың соңғы бейсенбісінде Астанадағы құрылыс жұмыстарын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшелері елордада салынып жатқан ірі нысандарды аралап көрді. Сол жолы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов жаңадан салынып жатқан М-3 көпіріндегі істің барысын байқады. Үкімет үйінің тұсынан басталатын көпір Тәуелсіздік сарайына дейін тартылған. Одан әрі қарай Қарағанды тас жолымен жалғасады. Бұл сол жағалаудағы көлік ағымына ыңғайлы болайын деп тұр. Сегіз жолақты көпір құрылысының жобасын «Көпір-ҚМ» ЖШС жасапты. Құрылысты «ТамызИнвестГрупп» компаниясы салуда.