Ақпаратқа қарағанда, халық арасында неғұрлым көп пайдаланылатын қызмет түрлері азаматтарды құжаттандыру және тіркеу, мекен-жай анықтамасын алу, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқық (ауыртпалық) және оның техникалық сипаттамасы туралы анықтама, сондай-ақ азаматтардың сотталғандығы немесе сотталмағандығы туралы мәліметтер болып табылады. «Қазіргі күні 249 ХҚКО жаңғыртылып, онда жаңа бизнес-үрдістер жүзеге асырылғанын, ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, кедергісіз қызмет көрсету, бірыңғай электронды кезек енгізілгенін, «электрондық үкімет» бұрыштары мен балалардың ойын алаңы (ХҚКО сыйымдылығына қарай) ұйымдастырылғанын атап өту қажет. Ал «электрондық үкімет» арқылы осы жылдың 11 айы ішінде халыққа 9,6 млн. электрондық қызмет көрсетіліп, 1 млн. 258 мыңнан астам электрондық сандық қолтаңба берілді. 55 мыңнан астам азамат сандық қолтаңбаны жаңа үлгідегі жеке куәлікке жаздырып алды», - делінген баспасөз айғағында.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік жаңғырту - Қазақстанды дамытудың басты бағыты» атты Жолдауын орындау мақсатында үстіміздегі жылы 80 рұқсаттама құжаты мен әлеуметтік маңызды қызмет түрлерінің 60 пайызы е-форматқа ауыстырылған. Сондай-ақ, бүгінде білім беру саласы, медициналық қызмет көрсету, автокөлік, жол және тасымалдау, өнеркәсіп және өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, жер қатынастары және тағы басқаларға қатысты рұқсаттамалардың тізілімі бекітілді. Оларды электронды форматқа ауыстыру осы жылдың соңына дейін іске асырылады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мақсатында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда барлық лицензиялар тек электрондық форматта беріледі. Қазір өтініш беруші лизенция алуға немесе лицензияға қосымша алуға өтінішті дәстүрлі тәсілмен тиісті мемлекеттік органдарға бару арқылы да, сонымен қатар өз бетінше - электрондық лицензияландырудың www.elicense.kz порталы арқылы да жүзеге асыра алады. Өтініш берудің қандай тәсілін қолданса да, лицензия өтініш берушіге тек электрондық форматта беріледі», - делінген хабарламада.