2012 жылы Қазақстанда 8 медициналық нысан пайдалануға беріледі - С.Қайырбекова

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы 8 денсаулық нысаны пайдалануға беріледі.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова айтты.

«100 аурухана» бағдарламасы аясында 103 нысан, оның ішінде жергілікті маңыздағы - 99, республикалық маңыздағы 4 нысан салу көзделген. Қазіргі күні жалпы құны 153,5 млрд. теңгені құрайтын 60 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың ішінде 22 аурухана, 5 туберкулезге қарсы диспансер, 8 қан орталығы, 2 перинаталды орталық және 23 емхана бар.  Жоба Атырау, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында толығымен жүзеге асырылды»,-  деді ол.

Министрдің атап өтуінше, ағымдағы жылы 8 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Республикалық маңыздағы 2 нысанның құрылысын мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктерін пайдалану арқылы жүзеге асыру жоспарлануда.

«Жобаны одан әрі жүзеге асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігімен Қаржы, Экономикалық даму және сауда миинстрліктеріне  2013-2015 жылдарға арналған бюджеттік өтінімдер құрамына қосымша жалпы сомасы 109,2 млрд. теңге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізді», - деді С.Қайырбекова.

Оның атап өтуінше, министрлік сұрап отырған бұл қаражат 33 нысанның құрылысын аяқтауға жұмсалатын болады. Аталған нысандардың 10-ын - 2013 жылы, 19-ын  - 2014 жылы, ал 4-еуін 2015 жылы аяқтау жоспарланған.