2012 жылы Қазақстанда транзиттік тауарлар тәуекелін басқару жүйесі іске қосылады

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2012 жылы Қазақстанда транзиттік тауарлар тәуекелін басқару жүйесі іске қосылады.

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан үшкүндік «ТМД елдерінің кедендік әкімшіліктері үшін тәуекелдерді басқару» тақырыбындағы конференция барысында Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Ашиханов мәлім етті

Еліміздің кеден органдарында тәуекелдерді басқару жүйелерін егжей-тегжейлі қолдануды айқындайтын нақты бірқатар нормативтік құжаттар қабылданғанын атап өткен ол: «ҚР-да тәуекелдері басқару жүйесінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тауарларды тексеру барысында тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану үдерісін автоматтандыру жүргізілді, 10356 тауар позициясын қамтитын тәуекелдің 1023 бейіні әзірленіп, енгізілді», - деді ол.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, Қазақстан транзиттік мемлекет болып табылады. Сондықтан ел Үкіметінің басым бағыттарының бірі транзиттік ағындарды барынша кеңейту болып отыр. Бұл өз кезегінде транзиттік тауарлардың тәуекелін басқару жүйесін қолдану жолы арқылы шекарадағы өткізу бекеттерінің кедендік әкімшілеуін жақсарта түспек. «Бұл міндет елдің кедендік органдарымен 2012 жылы жүзеге асырылуы қажет», - деді төраға орынбасары.