2012 жылы Қазақстанда түркітілдес Википедиялардың конференциясы өтеді

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жаһандық Википедиа қорының («Wikimedia Foundation») бастамашылығы бойынша 2012 жылы Қазақстанда түркітілдес Википедиалардың конференциясы өтеді, деп хабарлады «WikiBilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы Pm.kz сайтына берген сұхбатында.

«Энциклопедияның қазақша нұсқасының тез дамып, жобаның сәтті жүзеге асырылып жатқанын көрген Қор, Қазақстанның тәжірибесін басқа түркітілдес елдеріне таратуды ұсынды. 2012 жылы көктемде Қазақстанда түркітілдес Википедиалардың конференциясын өткізу жоспарлануда», - деді Р.Кенжеханұлы.

Ол сондай-ақ, 117 мың мақалаға қол жеткізген «Қазақша Википедиа» жобасының 170 мың мақаласы бар түрік энциклопедиясынан кейін екінші орында екенін атап көрсетті. Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан сияқты түркітілдес елдерде мақалалардың саны 9 мыңнан аспайды.

«Аталған елдердің Вики-қоғамдастықтары біздің жетістерімізбен танысуға және өз контенттерін дамыту үшін біздің тәжірибемізді игеруге мүдделі», деп атап көрсетті жоба жетекшісі.

Ағымдағы жылы тамыздың 4-і мен 7-сі аралығында Израильдің Хайфа қаласында өткен «Wikimania-2011» конференциясының қорытындысы бойынша Қазақстандық «WikiBilim» қоры «2011 жылдың ғаламдық википедиашысы» атағын иеленіп (Global Wikipedian of the Year), Википедианың негізін қалаушы Джимми Уейлстің (Jimmy Wales) арнайы грантын жеңіп алды. «Қазақша Википедиа» жобасындағы мақалалардың саны 117 мыңға жетті. Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің қамқоршылығымен және ел Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қолдауымен жүзеге асырылуда.