2012 жылы Қазақстанның 537 мектебіне «E-learning» жүйесі енгізіледі

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі электрондық оқытуды енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп

хабарлады  Білім және ғылым министрлігінің Стратегиялық жоспарлау  және ақпараттық технологиялар департаменті директоры Амантай Нұрмағамбетов Pm.kz сайтына берген арнайы сұхбатында.

«Біз электрондық оқыту  үдерісінің оқушыларды дайындау сапасына  қатысты әлемдік тәжірибені  зерттедік.  Өткен жылдан бастап  Қарағанды облысында, Алматы және Астана  қалаларында 44 білім ошағында  осы жоба қолға алынды.  Ал ағымдағы жылы  осы  жүйеге  537 мектепті  қосу,  ал  2013 жылы  -  900 мектепті  қосу жоспарланып отыр»,  - деді Амантай Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша,  2015 жылға қарай  білім ошақтарының тең жартысы, ал 2020 жылға  дейін -90% жуығы   «E-learning» жүйесіне қосылатын болалы.  «E-learning» жүйесі енгізілгеннен кейін,  оқу  процесін басқару  ауысады.   Сандық  білім ресурстарын  қолдану оқушылардың  сабақ  процесіне,  бағдарламаны игеруге деген ықыластарын  арттырып, соның арқасында білімнің сапасы да арта  түспек.

Жалпы алғанда, Министрлік білім берудің барлық деңгейін жаңғырту жөніндегі жұмыс жүргізуде, барлық реформаның әлеуметтік әсері зор.

«Біз қолға алып отырған инновациялардың нәтижесін 10-20 жылдан кейін көре бастаймыз. Ал білім беру ресурстарына келер болсақ, былтыр 400-ден астам ресурс әзірленді, ағымдағы жылы олардың санын 7000-нан асыру жоспарлануда. Сандық білім ресурстарының контенті мазмұнды және қызықты болуы үшін, контентпен айналысатын фирмалардың арнайы консорциумы құрылуда»,- деп хабарлады А.Нұрмағамбетов.

Консорциумға тек отандық фирмалар ғана емес, халықаралық компаниялар да кіреді. 2011 жылы жобалаумен тек отандық мамандар, атап айтқанда Білім және ғылым министрлігінің жанындағы Ұлттық ақпараттандыру орталық мамандары айналысса, биыл бұл процеске Ұлыбритания, Румыния және басқа елдердің компаниялары қосылады.

«2011 жылы Қазақстан тарихы пәні сандық форматқа ауыстырылды, енді тағы жеті пән - алгебра, геометрия, химия, физика және т.б. пәндер қолға алынады», - деді А.Нұрмағамбетов өз сөзінде.

А.Нұрмағамбетов өз сөзінде, сондай-ақ, қазіргі таңда еліміздегі барлық мектептің 41 пайызы кең жолақты Интернет желісіне қосылғанын айтты.