2012 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарлары экспорты көлемі 1,6 есе артты - А.Мамытбеков

АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - 2012 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарлары экспорты көлемі 1,6 есе артты.

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның сайлауалды тұғырнамасының орындалу мәселесіне арналған Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Оның атап өтуінше, жалпы экспорттық көлемде ауыл шаруашылығы тауары экспортының үлесі өспегенімен, абсолюттік мөлшерінің күрт артуы байқалады.

«2012 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық аграрлық азық-түлік тауарлары экспортының жалпы көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 1,6 есе артып, 3,128 млн. АҚШ долларын құрап отыр», - деді ол.

Министрдің айтуынша, 2012 күнтізбелік жылда астық экспорты астыққа шаққандағы ұнды қоса алғанда 11 млн. тоннаны құраған. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның астық экспорты бойынша рекордтық көрсеткішіне тең.

«Ал маркетингтік жылды есептейтін болсақ, 2011 жылдың қыркүйегінен 2012 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта бұл көлем 12,6 млн. тоннаны құрайды», - деді А.Мамытбеков.